Семейде қаржы пирамидасын құрған алаяққа сот үкімі шықты

None
None
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат - Семейде «Қаржы инвест» инвестициялық компаниясының директорына қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.  

Еске сала кетейік, 2018 жылдың 14 ақпаны күні серіктестік директорына қатысты ҚР Қылмыстық Кодексінің 217-бабы (Қаржылық (инвестициялық) пирамиданы құру және оған басшылық ету) және 190-бабы (Алаяқтық) бойынша қылмыстық іс қозғалған болатын.

Себебі, «Қаржы инвест» ЖШС 3 жыл ішінде  тұрғындардың сеніміне кіріп, соңында сан соқтырып кетті. Компаниядан  ақшасын үстемелеп алуға қызыққан адамдар банктерден тіпті 1 млн теңгеге дейін несие рәсімдеп, ойланбастан өткізе берген. Алған ақшаның 40 пайызын компанияға берсе, қалғаны өз қалтасында қалған.  Ал рәсімдеген несиені компания төлеп отырған. Алғашында тұрғындардың несиесін уақытымен төлеп, сенімге кірген. Тұрғындар алданғандарын кейін банк несиені төлеуді талап еткен уақытта бір-ақ білген.

Қылмыстық істі қараған Семей қаласының №2 соты қаржы пирамидасының  директоры Тахироваға қатысты сот үкімін шығарды. Оған  7 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Бірақ, сот оның кәмелеттік жасқа толмаған 4 баласы барын ескеріп, қаулыны 5 жылға кейін шегерді.   

«Сонымен қатар, сот қаулысымен Тахирова 7 жылға дейін коммерциялық және коммерциялық емес ұйымдарда лауазымды қызмет атқару құқығынан айырылды. Және жеке жер учаскесі мен тұрғын үйіне, банк шотындағы барлық қаражатына, жеке мүлкіне тыйым салынды. Сотта ол өз кінәсін толық мойындады. Кәмелетке толмаған балалары мен бұрын сотты болмағаны ескерілді. Және ол бүгінгі күні 114 жапа шегушінің 54-іне қаржысын қайтарып берді. Бірақ, шығарылған қаулы әлі заңды күшіне енген жоқ»,-дейді Семей қаласының №2 сотының төрағасы Жанат Абенова.

Соңғы жаңалықтар