Семейде карантин кезінде бес жазғы лагерь жұмыс істейді

None
None
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Семейде жазғы лагерьлердің балаларды қабылдауға дайындығы тексеріліп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қалалық Ақпарат орталығының мәліметінше, қазіргі эпидемиологиялық жағдайға байланысты қала сыртындағы жазғы лагерьлер 15 маусымнан келушілерді қабылдай бастайды. Жалпы 5 лагерь жұмыс істемек: «Достық», «Орбита», «Түрксиб», «Жас қанат» және «Радуга». Міндетті түрде медициналық тексерістен өткізілетін балалар өздерімен бірге қажетті гигиеналық құралдарды алып жүруі керек. Лагерьлер өз кезегінде барлық дезинфекциялық құралдармен қамтамасыз етілуі тиіс.

Таяуда Білім бөлімінің қызметкерлері мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері лагерьлердегі санитарлық нормалардың сақталуын тексерді.

«Бізде лагерьлердің балаларды қабылдауға дайындығын тексеретін қалалық комиссия бар. Биылғы бірінші маусымда лагерьлерге жобалық қуатының 50%-ын ғана толтыруға рұқсат берілген. Яғни өткен жылға қарағанда балалар саны азаяды. Тексеру қорытындысына сәйкес, 5 лагерь жеткіншектерді қабылдауға әзір болып шықты», - дейді қалалық Білім бөлімінің бас маманы Сәуле Кожебекова.

Айта кетейік, биыл мектеп жанындағы лагерьлер жұмыс істемейді. Оның орнына қашықтағы лагерьлер ұйымдастырылмақ. Онда мұғалімдер онлайн режимде балалар үшін экскурсиялар мен басқа да іс-шаралар өткізеді.

Соңғы жаңалықтар