Семейде қаланы дамытудың кешенді жоспары іске асырылып жатыр

None
None
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Семейде қаланы дамытудың кешенді жоспары іске асырылуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша былтыр Семейді дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары бекітілген. Соған сәйкес, шаһарда өмірлік маңызы бар салаларды қамтитын 7 бағыт бойынша 56 жобаны іске асыру жоспарланған. Бұл туралы онлайн форматта өткен баспасөз конференциясында қала әкімінің орынбасары Қанат Әділбаев мәлімдеді.

«Семейді дамытуға 260,2 млрд теңге бөлінген. Осы сома алдағы уақытта айтарлықтай өседі. Себебі бағдарламада Қарағайлы ықшам ауданындағы жаңа инновациялық мектеп құрылысының және Знаменка, Қарауыл, Курчатов және басқа да маңызды жолдарды байланыстыратын Алматы тасжолы бойындағы айналмалы жол құрылысының құны қарастырылмаған. Жобалық сметалық құжаттамалар келесі жылы дайын болады. Ал жұмысты бастау 2022 жылға жоспарланған», - дейді ол.

Биыл бағдарламаны іске асыруға 58 млрд теңге бөлінді. Жеті мәдени, екі әлеуметтік, тоғыз білім беру нысанына жөндеу жұмыстары жүргізілген. Соңғы жылдары білім беру мекемелерін жөндеуге 1,5 млн теңге жұмсалған еді. Ал осы жылы 1 млрд теңгеден артық қаражат жұмылдырылды. Барлық мектептерде дерлік ағымды және күрделі жөндеу жүргізілді, – дейді Қанат Әділбаев.

Кешенді жоспарға сәйкес, Шығыс кентінде 1200 орынға арналған жалпы білім беретін мектеп бой көтермек. Сонымен қатар 2020 жылы жаңа радиологиялық орталықты пайдалануға беру көзделіп отыр. Жоба құны 6,5 млрд теңгені құрайды.

Қала әкімі орынбасарының айтуынша, биыл Семейдегі 33 көшенің жолы жөндеуден өтті. Республикалық бюджет есебінен «Семей-Қайнар» тасжолына орташа жөндеу жүргізілді. Көшелерді жарықтандыру бойынша да бірқатар шара атқарылған. Бүгінде Бозтаев көшесі бойына 484 энергия үнемдейтін шамдар орнатылды. Тағы 253 шам Қабанбай батыр көшесі бойына қойылмақ.

Соңғы жаңалықтар