Семейде қала күнін тойлауға 10 млн теңгеге жуық қаржы жұмсалмақ

None
None
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат - Биыл семейліктер жылдағы дәстүр бойынша қала күнін атап өтеді, деп хабарлады ҚазАқпарат.

Қыркүйек айының төртінші жексенбісіне түсетін мереке биыл 23-ші қыркүйекке келіп отыр. Мерекені семейліктер жылдағыдай қала күні ретінде тойлайды. Ешқандай мерейтойлық дата аталып өтілмейді. Бұл туралы журналистермен өткен кездесуде қала әкімінің орынбасары Надежда Шарова мәлімдеді.

Айта кетсек бұған дейін 2018 жылы Семейдің 300 жылдық мерейтойы деген ақпараттар тараған болатын. Алайда, бірқатар қоғам зиялылары 300 жыл емес, 1100 немесе 1190 жыл деген сияқты әртүрлі пікірде болды. Сондықтан жергілікті билік жылдағы дәстүр бойынша қала күнін ғана атап өтуді жөн санапты.

Мерекені тойлауға биыл қалалық бюджеттен 10 млн теңгеге жуық қаражат қарастырылған. Мерекелік шаралар 20-шы қыркүйектен басталады. Түрлі мәдени-танымдық, спорттық шаралар өтеді. Сонымен қатар 23-ші қыркүйек күні эстрада жұлдыздарының қатысыумен орталық алаңда мерекелік концерт болады. Соңынан отшашу ұйымдастырылады.

«Қала күнін тойлауға шамамен 8-10 млн теңге жұмсалады. Қазіргі уақытта өтетін шаралардың тізімі жасалған. Қалалықтарға мерекелік көңіл-күй сыйлау үшін жоспар бойынша барлығы ұйымдастырылады»,-деді қалалық Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің жетекшісі Назерке Аққожина.

Соңғы жаңалықтар