Семейде қала күні мерекеленіп жатыр

None
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Семей тұрғындары бүгін қала күнін кең ауқымда тойлап жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Абай облысы әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, мереке тұңғыш рет Абай марафонымен басталды. Қатысушылар қала ішінде 3, 5, 10 шақырымдық қашықтықта жүгірді. Мәреге жеткен әр спортшы естелік медаль және футболкамен марапатталды.

Ерлер мен әйелдер арасындағы әрбір ең үздік нәтиже көрсеткен үш қатысушы жүлдегер медалін алды. Атап айтқанда:

3 км – Саяхат Мұхтаров (23.23)

3 км – Светлана Димовских (24.12)

5 км – Мейір Мәрсебай (27.16)

5 км – Анастасия Рубахина (31.14)

10 км – Амет Манат (38.37)

10 км – Карина Әділханова (55.09) мәреге жетті.

Жеңімпаздарға медальдарды облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев пен орынбасарлары табыс етті.

Абай марафонынан кейін қала күні орталық алаңдағы мерекелік концертпен жалғасты. Мұражайлар мен кітапханалардың қала тарихынан сыр шертетін көрмелері ұсынылды. Жағалауда қала мектептері мен балабақша тәрбиеленушілерінің қолөнер туындылары көрмесі, интеллектуалды ойындар ұйымдастырылды.

«Северный» сауда-логистикалық орталығында ауылшаруашылығы жәрмеңкесі өтті. Сонымен қатар, сағат 9-дан бастап түске дейін жағалауда түрлі байқау, шахмат турнирі, флешмобтар ұйымдастырылды. Күні бойы қаладағы барлық мұражайда қала тарихына байланысты экспозиция ашық болды. Невзоровтар отбасы мұражайында, Абай мұражайында, Достоевскийдің тарихи-өлкетану мұражайында ашық есік күні өткізілді», - делінген ақпаратта.

Сағат 11-ден кешке дейін орталық алаңда мерекелік концерт болды. Сондай-ақ, Ертіс жағалауында, Арбатта және Абай алаңында да концерттік бағдарламалар қойылды.

Сағат 13:00-де Ертіс жағалауында талантты жастардың «Jastar fest» атты фестивалі өткізілді. Сағат 18:00-де орталық алаңда әр сала бойынша «Үздік» номинациясының жеңімпаздары марапатталды.

Енді сағат 19:00-де Ә. Қашаубаев атындағы филармония және қалалық мәдениет үйі ұжымдарының концерті басталады. Семейліктер үшін бұл кеште Дастан Оразбеков және Kalifarniya ән шырқайды. Сағат 22:00-де қала күні мерекелік отшашумен аяқталады.


Соңғы жаңалықтар