Семейде іздеуде жүрген қылмыскер ұсталды

None
None
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Семей қаласында іздеуде жүрген қылмыскер ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, тәртіп сақшылары үй тонағаны үшін Семей қалалық сотымен іздестіріліп жатқан 34 жастағы ер адамды ұстады.

«Қылмыскер бір жыл бұрын жер үйлердің біріне терезе арқылы кіріп, одан жарты миллион теңге мен алтын бұйымдарды ұрлап кеткен. Бірақ сол кезде оны табу мүмкін болмады. Бүгінде ол уақытша ұстау изоляторына қамауға алынған», - делінген ақпаратта.

Бұдан бөлек, Ұлан ауданында 38 жастағы ер адам пробация қызметінен жасырынып жүрген.

Ол 2019 жылдың 6 қаңтарында таңғы уақытта танысымен бірге өскемендік азаматтың пәтер құлпын бұзып кірген. Пәтер иесін пышақпен қорқытып, үйді тонап кетті.

«Сот үкімі бойынша ол шартты түрде бас бостандығынан айырылып, пробация қызметінің есебіне алынған. Алайда біраз уақыттан кейін бақылаудан жасырынып, қашып жүрді. Полиция қызметкерлері сотталғанның қайда екенін анықтап, қолға түсірді. Қазіргі уақытта оған қатысты сот шешімі күтілуде», - делінген хабарламада.

Естеріңізге сала кетсек, осыған дейін Семей тұрғынының үйінен есірткінің аса ірі партиясы табылғанын хабарлаған едік.



Соңғы жаңалықтар