Семейде интернет алаяқтық 7 пайызға өсті

None
None
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Семей қаласында интернет арқылы жасалатын алаяқтық қылмыс 7 пайызға артқан, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл жайлы онлайн форматта өткен баспасөз брифингі барысында Семей қалалық Полиция басқармасы криминалдық полиция бөлімінің бастығы Дәулет Белибаев мәлімдеді.

«Жыл басынан бері Семейде 530 алаяқтық фактісі тіркелген. Бұл жалпы қылмыстың 22%-ы. Сондай-ақ биыл интернет алаяқтық 7 пайызға артып отыр. Ғаламтор арқылы жасалатын қылмыстардың алдын алу үшін халық арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Полиция қызметкерлері жұмысының тиімділігін арттыру мақсатында әр тоқсан сайын жедел-профилактикалық шаралар қолға алынып жатыр», - деді ол.

Оның айтуынша, 2021-2022 жылдарға арналған ақпарат технологияларын пайдалана отырып жасалатын қылмыстарға қарсы іс-қимыл жөніндегі ведомстволық бағдарлама іске асырылуда. Соған орай қалалық Полиция басқармасында интернеттегі қылмыстарды ашу бойынша мамандандырылған жедел-тергеу тобы құрылған.

Айта кетейік, интернет алаяқтықтың ең көп таралған тәсілі - бұл сайттағы хабарландыру бойынша тауарға немесе қызметке алдын ала төлем сұрау болып отыр.


Соңғы жаңалықтар