Семейде идеологиялық тұрғыда ескірген 50 көшенің атауы өзгереді

None
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Семей қаласында идеологиялық тұрғыда ескірген 50-ге жуық көше атауы өзгертілмек, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қала әкімінің орынбасары Жәнібек Мұқатаевтың төрағалығымен Семейде ономастикалық нысандардың тарихи дәстүрлі атауларын қалпына келтіру туралы ұсыныстарды зерделеу және қарау жөніндегі жұмыс тобының кезекті отырысы өтті.

«Қазір идеологиялық тұрғыда ескірген және мән-мағынасы жоқ көше атауларын кезең-кезеңімен қайта атау міндеті қойылып отыр. Отырыстың күн тәртібінде осындай 50-ге жуық көшенің атауын өзгерту туралы ұсыныстар қаралды. Жұмыс барысында қайта аталатын көшелерге есімі ел тарихында қалған, Семей өңірінің тарих, мәдениет, әдебиет, спорт сынды салаларына еңбегі сіңген тұлғалардың, Алаш қайраткерлерінің есімдері беріледі», - деп хабарлады қала әкімдігінен.

Сондай-ақ жиын барысында мән-мағынасы жоқ қысқа көшелерге бейтарап жер-су аттарын беру мәселесі талқыланды. Есімдерді ұсыну кезінде республикалық ономастикалық комиссиясы бекіткен тарихи тұлғалар тізімі қатаң басшылыққа алынды.

Одан әрі осы ұсыныстар қалалық мәслихаттың тұрақты комиссияларында өтетін көпшілік тыңдауларда қаралып, облыстық ономастикалық комиссияға жолданады. Соңғы шешім республикалық ономастикалық комиссиясының қорытындысы негізінде ҚР Үкіметінің қаулысымен шығарылады.


Соңғы жаңалықтар