Семейде Ертіс өзенінің жағалауын бекітіп жатыр

None
None
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Семей қаласында Ертіс өзенінің жағалауын бекіту жұмыстары жүргізілуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, көктем кезінде Бейбітшілік аралында, Мирный, Шығыс, Пристань аудандарында жағалау маңындағы үйлерді су басудың алдын алу үшін қазіргі уақытта Ертіс өзенінің жағалауын бекіту жобасы жүзеге асырылуда.

«Бейбітшілік аралындағы 32 үйде 134 адам, Мирный кентіндегі 30 үйде 150 адам, Шығыс кентіндегі 112 үйде 342 адам, Пристань ауданындағы 80 үйде 400 адам су басу қаупі бар аймаққа кіреді. Жалпы Семей қаласы бойынша 15 учаскені су басуы мүмкін. Ондағы 631 үйде 2364 тұрғын бар», - деді облыстық ТЖД төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының бастығы Алексей Штыкель.

Бекітетін жағалаудың жалпы ұзындығы 2566 метрді құрайды. Осы жоба «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында жүзеге асырылмақ. Сонымен қатар жоба бойынша ұзындығы 9 метр жағалау бойына бетон плиталар қою көзделіп отыр.

«2022 жылғы су тасқыны кезеңіне Семей қаласының ТЖБ жеке құрамы мен техникалары дайын. Нақты айтқанда, 40 адам, 8 техника, 2 жүзу құралы мен 25 мотопомпа әзір тұр. Жергілікті атқарушы органнан 15 мотопомпа, 70 адам мен 104 техника, оның ішінде 20 автобус сақадай сай», - деді Алексей Штыкель.


Соңғы жаңалықтар