Семейде екі адамды ажалдан арашалап қалған көпбалалы әке марапатталды

None
None
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Семей қаласында екі адамды өрттен құтқарып қалған азамат марапатталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, Семейдегі Достоевский көшесінде орналасқан дәмхананың ас бөлмесінде өрт шыққан.

Қызыл жалын төбе жабынын, терезе және есік блоктарын, тұрмыстық техника мен жеке заттарды шарпыды.

Өртті бірінші болып жақын жерде тұратын Дәурен Жанбаев байқаған.

Бірден өрт сөндірушілерге хабар берген ол сол жерге барып, дәмхананың екі қызметкерін сыртқа алып шықты.

«Осы сын сағатта Дәурен өз өмірін қатерге тікті. Батылдығының арқасында екі адамды құтқарып қалды. Кейін сол жерге келген өрт сөндірушілер дәмхана ішінен төрт газ баллонын алып шықты», - делінген ақпаратта.

Бейбіт күннің батырына Семей қалалық ТЖБ басшылығы атынан Алғыс хат берілді.

Айта кетейік, қала мектептерінің бірінде директордың орынбасары болып жұмыс істейтін ер адам 5 бала тәрбиелеп отыр.

Естеріңізге сала кетсек, осыған дейін екі адамды өрттен құтқарған семейлік оқиғаның қалай болғанын айтып берген еді.


Соңғы жаңалықтар