Семейде болған өрттен екі адам көз жұмды

None
None
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Семей қаласында жер үйден өрт шығып, 2 адам көз жұмды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шығыс Қазақстан облыстық Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Шәкәрім көшесіндегі жеке тұрғын үйдің өртеніп жатқанын көрген көршілері бірден өрт сөндірушілерге хабарласқан. Ал сол кезде үйдегі отбасы мүшелері қаннен-қаперсіз ұйықтап жатқан. Бір уақытта үй иесінің 1997 жылғы ұлы оянып кетіп, жұбайы мен балаларын өзге бөлмеге апарады. Ал әкесін оятуға жүгіре жөнелген ол есінен танып қалған.


«Әйел адам балаларымен бірге терезе арқылы сыртқа шықпақ болған. Алайда онысынан түк шықпады. Оқиға орнына келіп жеткен өрт сөндірушілер мен полиция қызметкерлері терезе алдында тұрған екі баласы бар әйелді көрген. Олар терезені шағып, үшеуін далаға шығарды. Өкінішке қарай, отбасының отағасы мен оның әкесін құтқару мүмкін болмады», - деп хабарлады ведомство өкілдері.

Төтенше жағдайлар департаментінің дерегінше, жалын шарпыған аумақ 45 шаршы метрді құраған. Тілсіз жаудың шығу себебі – от жағу кезіндегі салақтық немесе өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамаудан болуы мүмкін. Жалынды сөндіруге жеке құрамнан 12 адам мен 3 техника жұмылдырылды.


Соңғы жаңалықтар