Семейде биыл жол жөндеуге 450 млн теңге бөлінген

None
None
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Семей қаласында 2021 жылы жол жөндеуге 450 млн теңге бөлінген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өткен жылы шаһар бойынша 50 шақырым жолға орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген. Биыл осы мақсатта 450 млн теңге бөлінді. Аталған қаражатқа 8 көшенің жеті шақырымнан астам жолы жөнделмек. Оның ішінде Алтай көшесі мен Морозов көшесінен Шәкәрім даңғылына дейінгі аралық қамтылған. Өткізілген байқаудың қорытындысы бойынша мердігер ұйым болып «Гордорстрой»ЖШС бекітілді.

Жол жөндеу жұмыстары осы жылы 9 сәуірде басталды. Бүгінгі таңда жол жабынының сапасы нашар көшелерді фрезерлеу жүргізілуде. Олардың арасында Чехов, Щорс және Аймауытов көшелері бар. Мұндағы мердігер ұйым - «Тазалық» ЖШС.

«Бірінші кезекте көлік жиі жүретін көшелер жөнделеді. Содан кейін екінші кезектегі көшелерге бет бұрамыз. Ағымдағы жөндеуге екі бригада жұмылдырылған. Жөндеу жұмыстарын тиісті мерзімде аяқтаймыз», - дейді қалалық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі бастығының орынбасары Нұрлан Серғазинов.

Оның айтуынша, орындалған жұмыстардың сапасын тексеретін арнайы зертхана мамандары мұқият бақылау жүргізуде.

«Жұмыс аяқталғаннан кейін сынамалар алынып, талдау жүргізу үшін зертханаға жіберіледі. Егер жол сапасына қатысты қандай да бір мәселе туындайтын болса, бұл кемшіліктер мердігердің өз есебінен жойылады. Содан кейін зертханалық талдау қайтадан жүргізіледі», - деді Нұрлан Серғазинов.


Соңғы жаңалықтар