Семейде биыл 5 мыңға жуық пәтер салынады

None
None
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Семей қаласында осы жылы жалпы ауданы 449,3 мың шаршы метрді құрайтын 5 мыңға жуық пәтер салынады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл жайлы Аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Семей қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Сұңғат Аманбеков мәлім етті.

Биыл шаһар бойынша жалпы ауданы 449,3 мың шаршы метрді құрайтын 4 967 пәтер салынады. Бұл мақсатта 57,8 млрд теңге жұмсалады. Олардың ішінде көппәтерлі тұрғын үй - 75, несиелік - 38, коммерциялық үйлер - 35. Сонымен қатар жеке инвесторлар мен тұрғындар қаражаты есебінен жер үйлер құрылысы жоспарлануда.

«Қарағайлы ықшамауданында 1200 орынға және Водный кентінде 600 орынға арналған екі мектептің жобасы әзірленуде. Мемлекеттік-жекешелік серіктестік аясында тағы үш балабақша құрылысының жобалары дайындалып жатыр», - деді Сұңғат Аманбеков.

Сондай-ақ Қарағайлы ықшамауданында 320 орынға арналған балабақша салынады деп жоспарлануда. Инвестор – «Сәт Транс» ЖШС. Бұдан бөлек, биыл Құрылыс басқармасымен Ұшақтар кентінде 210 төсек-орынға арналған жұқпалы аурулар ауруханасының техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеу бойынша «ИНСОН» ЖШС-мен меморандум жасау көзделуде.

Естеріңізге сала кетсек, осыған дейін ШҚО-да «Бірқабатты Шығыс» бағдарламасы аясында 735 жер үй салынып жатқанын хабарлаған едік.



Соңғы жаңалықтар