Семейде бірлік мерекесіне орай тегін қымыз таратылды

None
None
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат - Семейде Қазақстан халқының Бірлігі күні жаңа форматта аталып өтті.

Ауа райының қолайсыздығына қарамастан тұңғыш рет «Бейбітшілік аралында» өткізілген шараға 5 мыңға жуық тұрғын келді. Бұл туралы ҚазАқпарат Семей ақпараттық орталығына сілтеме жасап хабарлайды.

Рекреациялық алаңдарда және әлем стелласында концерттік бағдарламалар, халық ойындары, спорттық жарыстар, сондай-ақ диаспоралардың мәдениеті мен дәстүрі туралы баяндайтын этномәдени бірлестіктердің көрмесі ұйымдастырылды.

Бүгінде Семейде 80-нен аса ұлт пен ұлыс өкілдерін біріктіретін Достық үйі жұмыс істейді. Ол шаңырақтың астында 22 ұлттық этномәдени орталық бар.

Мерекелік шара барысында қала тұрғындары ән айтып, мемориалдық кешенге жақын жерде ақындар айтысын тамашалады. Этномәдени орталықтар қала тұрғындары мен қонақтарына өздерінің ұлттық тағамдарын ұсынып, мерекеге 200 литр қымыз әкелді.

«Қазақстан халқының бірлігі күні біз үшін ең басты мереке. Бұл біздің бірлестіктің мерекесі. Қазақстанда тұратын барлық немістер жақсы өмір сүреді, бізге ешқайда кетудің қажеті жоқ»,- деді «Возрождение» неміс қоғамдық бірлестігінің төрағасы Лилия Гончарук.

Сонымен қатар, әлем стелласында жас суретшілерге арналған алаң ұйымдастырылды.

Соңғы жаңалықтар