Семейде білім саласындағы жемқорлықпен күрестің жаңа әдісі ұсынылды

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Семей қаласында білім саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұрудың жаңа әдісі ұсынылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қалалық әкімдікте мектеп директорлары мен есепшілерінің қатысуымен өткен жиында оқу орындарындағы сыбайлас жемқорлыққа және ақша жинауға қарсы күрес мәселелері талқыланды.

Семей қалалық білім бөлімінің басшысы Наталия Фесенконың айтуынша, алдын алу мақсатында бірқатар шаралар жүргізіліп жатқанына қарамастан, шаһардағы білім ордаларында жемқорлық фактілері әлі де аз емес.

Мысалы жуықта бюджет қаражатын жымқырған № 27 және № 49 мектептің есепшілері сотталған болатын. Осындай қылмыс фактілерін азайту мақсатында орталықтандырылған бухгалтерия құру бастамасы көтерілді.

«Бұл ұсыныс ұзақ уақыттан бері күн тәртібінде тұр. Алайда облыстық білім басқармасы қыркүйектен бастап жеке қаржыландыру енгізілетіндіктен осы бастаманың іске асырылуы мүмкін болмайды дейді. Десе де, біз орталықтандырылған бухгалтерия құрылуы керек деп есептейміз. Себебі негізінен бюджеттен және демеушілік шоттардан ақша ұрлау жағдайларының басты себебі мектеп директорларының қаржылық сауаттылық деңгейінің төмендігі мен бақылаудың жеткіліксіз болуында. Қазіргі уақытта директорларға қаржылық сауаттылық жөнінде курстар өткізуді қолға алып жатырмыз», - дейді Наталия Фесенко.

Бүгінде әр мектепте сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұмыс жүргізілуде. «Адал ұрпақ» және «Адалдық дүкені» сынды клубтар құрылған.

Дегенмен әлі күнге дейін ата-аналар мұғалімдердің ақша жинайтынын айтып шағымдануда. Бірақ өткен жылмен салыстырғанда мұндай арыздар біршама азайған.



Соңғы жаңалықтар