Семейде балаларды оңалту орталығы ашылмақ

None
None
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Семей қаласында балаларды оңалту орталығы ашылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Тұңғыш Президенттің «Қамқорлық» қорының қолдауымен өткен жылы еліміздің түрлі қалаларында 9 оңалту орталығын ашу жоспарланған болатын. Олардың бірі Семей шаһарында ашылады деп күтілуде.

«Мерзімінен ерте туған шақалақтар көп күтімді қажет етеді. Мұндай нәрестелерді оңалтып, олардың өмір сүру сапасын арттыру – біздің басты мақсатымыз. Сәбилер невропотолог, лор, афтольмолог сияқты дәрігерлердің қатаң бақылауында болуы керек. Сонда ғана кез келген аурудың алдын алуға болады», - дейді нәрестелер потологиясы бөлімінің дәрігері Асия Мұхамедкәрімқызы.

Соңғы уақытта Семейде нәрестелердің мерзімінен ерте тууы көбейген. Бүгінгі таңда потология бөлімінде 45 нәрестенің 30-ы ерте туғандар. Осы ретте, аналар мұндай орталықтың ауадай қажет екендіктерін жеткізді.

«Семей қаласында осындай орталық ашылады дегенді естіп қатты қуандық. Мерзімінен ерте туған сәбилерге ерекше көңіл бөлінуі тиіс. Балаларымыз арнайы мамандардың бақылауында болатындығына дән ризамыз», - дейді қала тұрғыны Аида Баймолдина.

Айта кетейік, оңалту орталығында мерзімінен ерте туған шақалақтан қандай да бір ауытқуы бар 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер бақыланатын болады.


Соңғы жаңалықтар