Семейде Балалар жылына орай 3000-ға жуық шара өтеді
2022 жылғы 16 мамыр 14:10

Семейде Балалар жылына орай 3000-ға жуық шара өтеді

СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Семей қаласында Балалар жылына орай биыл 3000-ға жуық шара өткізу жоспарланған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялауына орай Семейде балаларды қорғауға, сапалы біліммен қамтуға және денсаулықтарын нығайтуға бағытталған шаралар жоспары бекітілген.

«Бүгінде қала бойынша 48 622 бала бар. Осы жылы балаларға арналған әр түрлі деңгейдегі 3000-ға жуық шара өткізу жоспарланған. Жыл басынан бері 285 шара ұйымдастырылды. Оқушылар мұражайлар мен театрларға тегін барып, республикалық байқауларға қатысуда. Мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған фестивальдер өтеді», - деді қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Назерке Аққожина.

Оның айтуынша, үйде оқитын балалардың бос уақытын ұйымдастыруға волонтерді тарту бойынша «Мен сенің досыңмын» өңірлік акциясы қолға алынған. Сондай-ақ болашақ блогерлер, журналистер, дизайнерлер, ақындар, әншілер, еріктілер, жол жүру инспекторлары арасында конкурстар өткізу көзделіп отыр.

«Бұл жыл конкурс, фестивальдармен шектелмейді. Қиын өмірлік жағдайға тап болған отбасыларды қолдау бойынша іс-шаралар да жоспарланған. Жақында Семейдегі мәдениет саласының қызметкерлері жедел отаны қажет ететін кішкентай семейлік балаға қаржылай көмектесті», - деді Назерке Аққожина.

Естеріңізге сала кетсек, осыған дейін Өскеменде Балалар жылына орай сурет көрмесі ашылғанын хабарлаған едік.


Jańalyqtar

MURAǴAT