Семейде азық-түлік қымбаттауда: Әкімдік бақылауды күшейтті

None
None
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Семейде картоп, сәбіз, сүт және айран бағасы біршама өскен, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Семей қаласының кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Данияр Шәкәрімов баспасөз мәслихаты барысында бағаның өсу себептері және әлеуметтік маңызы бар тауарлар құнын бірқалыпты ұстап тұру бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы айтып берді.

«Көкөніс бағасының өсуі тұрақтандыру қорындағы өнімдерді сатудың аяқталуына, өткен жылғы өнім қорының азаюына және биылғы оңтүстік өңірлер мен көрші мемлекеттерден жоғары сапалы көкөністің жеткізілуіне байланысты болып отыр. Сүт және айран бағасын тұрақтандыру үшін өнімдер Бородулиха, Бесқарағай аудандарындағы сүт өндірушілерден және Өскемен қаласының «Восток Молоко«, «Эмиль«, Павлодардың «Молком« сүт өңдеу кәсіпорындарынан жеткізілмек, - дейді Данияр Шәкәрімов.

2021-2022 жылдарға Семей қаласы үшін 3500 тонна жеміс пен көкөніс өнімдерін сатып алу жоспарланған. Оның ішінде картоп – 1500 тонна (өткен жылмен салыстырғанда көлемі 50%-ға артық), қырыққабат – 850 тонна, сәбіз – 400 тонна, пияз – 750 тонна.

«Сондай-ақ биыл наурыз айынан бастап Семей қаласында жұмыртқа өндіру бойынша «SEMEI QUS« ЖШС құс фабрикасы жұмыс істей бастады. Бірінші санаттағы тауық жұмыртқасының бағасы – 220 теңге, екінші санаттағылар – 150 теңгені құрап отыр. Айта кетейік, мониторингілік топтар бекітілген кестеге сәйкес қалада азық-түлік бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу мақсатында рейдтерге шығуда», - деді бөлім басшысы.


Соңғы жаңалықтар