Семейде азық-түлік бағасы қаншаға қымбаттады

None
None
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Семей қаласында әлеуметтік-маңызы бар өнімдердің бағасына күнделікті мониторинг жүргізілуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қалалық кәсіпкерлік бөлімі басшысының міндетін атқарушы Әмина Сыздықова баспасөз конференциясы барысында қыркүйек айынан бастап әлеуметтік-маңызы бар азық-түліктердің бағасы тұрақты екендігін мәлімдеді.

«Осы кезеңде картоп – 4,6%-ға, сәбіз – 10,7%-ға арзандады. Ал қант – 1%-ға, тауық жұмыртқасы – 1,1%-ға қымбаттаған. Соңғы апта ішінде 1 санаттағы тауық жұмыртқасының құны 16,6%-ға өсті. Ал қалған әлеуметтік-маңызы бар азық-түлік тауарларының 18 түріне баға тұрақты», - деді ол.

Оның айтуынша, жұмыртқа бағасының өсуі маусымдық болып отыр. Өйткені күз бен қыс мезгілдері аралығында күннің қысқаруына байланысты тауықтардың жұмыртқалауы төмендеген.

«Бұл ретте, шетелден әкелінетін жемнің, ветеринарлық препараттардың, минералды қоспалар мен жанар-жағар май бағасының көтерілуін ескеру қажет. Нақты айтқанда, биыл жем екі есеге, ал дизель отыны бір жарым есеге қымбаттады. Қазіргі уақытта жергілікті тауар өндіруші «Semei Qus» ЖШС-да жұмыртқаның көтерме бағасы – он данасына 360-380 теңгені құрайды», - деді Әмина Сыздықова.

Ал көршілес Қарағанды, Ақмола, Павлодар облыстарынан әкелінетін жұмыртқаның бағасы – 440-450 теңге. Маусымаралық кезеңде Семей қаласының тұрақтандыру қорына 3100 тонна көкөніс өнімдері сатып алынған. Оның ішінде картоп – 1500 тонна, қырыққабат – 450 тонна, сәбіз – 400 тонна, пияз – 750 тонна.

Сонымен қатар Семейде әлеуметтік-маңызы бар өнімдердің бағасына күнделікті мониторинг жүргізілуде. Бағаның негізсіз өсуі байқалған жағдайда жедел тиісті шаралар қабылданады.


Соңғы жаңалықтар