Семейде ауыл шаруашылығы саласында 8 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда

None
None
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Семей қаласында ауыл шаруашылығы саласында 8 инвестициялық жоба іске асырылуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы Аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз-мәслихатында қалалық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрлан Шақабаев мәлім етті.

Жобалардың бірі – 913 га суармалы егістік алқабына суару жүйесін орнату. Бұл мақсатта 288,4 млн теңге бөлінді. Жоба 2023 жылы аяқталады деп жоспарланып отыр.

«Жалпы қала бойынша 8 инвестициялық жоба іске асырылуда. Бұл майлы дақылдарды, астық, мал азықтық дақылдарын, асыл тұқымды мал өсіру және жұмыртқа өндіру бойынша жобалар. Осы жобалардың нәтижесінде, егіс алқаптары ұлғаяды, 414 тонна арпа, 650 тонна жем-шөп алынады. Сондай-ақ 660 тонна күнбағыс тұқымы алынып, май зауытына тапсырылады. Бұдан бөлек, құрылысы жүргізіліп жатқан 200 басқа арналған сүт-тауарлы фермасын құнарлы мал азығымен қамтамасыз ету мәселесі шешіледі, - деді Нұрлан Шақабаев.

Ферма келер жылы салынып біткеннен кейін 1000 тоннаға дейін сүт өндіру және жаңа жұмыс орындарын ашу жоспарланған.

Естеріңізге сала кетсек, осыған дейін Семейде жаңа ақпараттық медиахолдинг ашылғанын хабарлаған едік.


Соңғы жаңалықтар