Семейде «Әскер барысы - 2019» сайысының жеңімпазы анықталды

None
None
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат - Семей гарнизонында әлеуетті ведомстволардың әскери қызметшілері арасында «Әскер барысы» атағына қазақ күресінен іріктеу турнирі өз мәресіне жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Қорғаныс министрлігі сайтына сілтеме жасап.

Сайысты «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы мен Армия орталық спорт клубы (АОСК) ұйымдастырды. Қазақстан Республикасының барлық әлеуетті құрылымдарының 30-дан аса мықты палуаны «Әскер барысы» атағы және Елбасы жүлдесіне қазақ күресінен «Қазақстан барысы» ІX республикалық турниріне қатысуға жолдама алу үшін тартысқа түсті.

«Жыл сайын Қарулы күштерде өткізілетін чемпионаттар қарқынды дамып келет жатыр. Сайысқа қатысушылардың саны ғана емес, спортшы әскери қызметшілердің шеберлік деңгейі де артып келе жатыр. Қазақстан Қарулы күштерінің 8 гарнизонында спорт кешендері жұмыс істейді. Онда әскери қызметшілердің балалары АОСК нұсқаушыларының жетекшілік етуімен спорттың әскери-қолданбалы түрлерімен айналыса алады», - деді АОСК-ның төрағасы Айталап Қорғамбаев.

Сайыс қорытындысы бойынша АОСК-ның спортшысы кіші сержант Талғат Әмренов жеңімпаз атанды, Мемлекеттік күзет қызметінің әскери қызметшісі лейтенант Әлібек Зекенов екінші орынды иеленді.

Көшбасшылар үштігіне АОСК-ның мерзімді әскери қызметшісі қатардағы жауынгер Әділ Оразбаев ілікті.

«Жеңіс оңайлықпен келген жоқ. Себебі, барлық қарсыластар жоғары дайындық деңгейлері мен кәсіпқойлықтарын көрсетті. Бірақ, алда талай жұмыс бар. Маған «Қазақстан барысы» республикалық турниріне дайындалуға тура келеді. Бұл дүбірлі додада мен еліміздің Қарулы Күштерінің намысын мақтанышпен қорғайтын боламын», - деді сайыс жеңімпазы кіші сержант Талғат Әмренов.

Өткен жылы АОСК-ның мерзімді қызметтегі әскери қызметшісі Ерасыл Қажыбаев «Әскер барысы» турнирінің жеңімпазы атанғанын, ол «Қазақстан барысы - 2018» додасының күміс белбеу иегері атанғанын естеріңізге сала кетейік.

Соңғы жаңалықтар