Семейде Әмина Өмірзақованың мерейтойына арналған театр фестивалі өтіп жатыр

None
None
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Семейде Әмина Өмірзақованың туғанына 100 жыл толуына арналған XXVII Республикалық театр фестивалінің ашылу салтанаты рәсімінде қонақтар қызыл кілеммен жүріп өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақтың кино және театр өнерінің жарық жұлдызы Әмина Өмірзақованың қасиетті Семей топырағынан шығуы тегін емес. Өйткені, қазақ театрының түп тамыры, алғашқы театрланған қойылым М.Әуезовтің «Еңілік-Кебек» пьесасы негізінде Ойқұдық жайлауында көрерменге жол тартқан болатын.

Театр фестивалі қазылар алқасы құрамында Асанәлі Әшімов, Қазақтың «Қыз Жібегі» Меруерт Өтекешова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров сынды т.б. тұлғалар бар.

Шара барысында Мәдениет және спорт министрлігінің Театр және киноматография басқармасының бас сарапшысы Гүлнафис Мырзашева министр Ақтоты Райымқұлованың құттықтау хатын оқып берді.

«Бұл фестиваль бүкіл саналы ғұмырын ұлттық өнерге арнаған Әмина Өмірзақованың 100 жылдығы ЮНЕСКО-ның атаулы даталар күнтізбесіне енгізілгендігімен ерекшеленеді. Қазақстан драма театрларының XXVII республикалық фестивалі отандық театрлардың үздік қойылымдары көрсетілетін, шығармашылық байқаулар мен бастамалар алаңына айналатына сенімдімін» делінген Ақтоты Райымқұлованың құттықтау хатында.

«Өткенді ұмытпай, арғыдан келе жатқан дәстүрімізді жалғап, халыққа өнерімізді паш етсек біздің мақсатымыздың орындалғаны. Әмина апамызбен бірге жүрдік, бірге жұмыс істедік. Ұлы Шәкеннің досы еді. Екеуі қатар отырғанда елді күлкіге қарқ қылатын. Әмина - ұлы актриса», - деді фестивальдің ашылу салтанатында сөз сөйлеген Асанәлі Әшімов.

Семей қаласында өтіп жатқан Әмина Өмірзақованың 100 жылдығына арналған Қазақстан драма театрларының XXVII республикалық театр фестивалі көрермен назарына 6 күн бойы сапалы қойылымдарын ұсынбақ.




Соңғы жаңалықтар