Семейде Әлихан Бөкейханның ескерткішіне гүл шоқтары қойылды

None
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат - Семейліктер саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алды. Еске алу күніне орай қала тұрғындары «Алаш» қозғалысының көшбасшысы, көрнекті қоғам қайраткері Әлихан Бөкейханның ескерткішіне жиналып, мемориалға гүл шоқтарын қойды. Еске алу шарасына Абай облысы әкімінің орынбасары Шалқар Байбеков, Семей қаласының әкімі Нұрбол Нұрсағатов пен қоғам белсенділері қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Барша адамзат үшін дамудың, азаттықтың дәуірі болған ХХ ғасырды Қазақ елі бодандықтың бұғауында қарсы алғаны – ақиқат. Осы бір аласапыран заманда бүтіндей бір ұлттың сенгені - тек оқыған азаматтар болатын. Елдің егемендігін қалпына келтіріп, озық, өркениетті елге айналдыруды көздеген Алаш қозғалысы дәл осы заманда «қараңғы қазақ көгіне күн болып өрмелеп шықты». Ұлттың ұлы тұлғалары Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатовтар сын сағатта аянбай қызмет етіп, қазақтың ар-намысын өз жанынан биік қойды. Азаттықты аңсады... Алайда, «қызыл террордың» кесірінен олар жүз мыңнан астам жазықсыз жазаға ілінгендер «көшін» бастап, «халық жауын» анықтау саясатының құрбаны болды, «қауіпті элемент» болып атылды. Бүгінде Алаш арманы ақиқатқа айналды. «Алаш қонған ақ боз үй» атанып, Алашқа пана болған қарт Семей де өз биігіне шықты. Абай облысы құрылды. Бұның өзі тарихты ардақтап, әділдікке жол берген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың салиқалы саясатының негізінде мүмкін болып отырғанын ерекше атап өту орынды. Заманалар ауысып, қара жер қойнына жасырғанымен, азаттық жолында құрбан болғандар еш ұмытылмайды. Себебі, асыл азаматын ардақтайтын ұрпақ бар», - деп атап өтті Абай облысы әкімінің орынбасары Шалқар Байбеков.


31 мамыр – Саяси қуғын сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күнінде Шалқар Байбеков заманның заңғар тұлғалары жастардың жадында мәңгі сақталып, бабалар аманатына адал ұрпақтың өмір бәйгесінде, асықтары алшысынан түсе берсін деген ниетін білдірді.

Айта кетейік, бұған дейін хабарланғандай, бүгін қазақ халқының даму әлеуетін ондаған жылдарға кешеуілдетіп, адами капиталын орны толмас шығынға ұшыратқан ХХ ғасырдағы саяси қуғын сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Осыған байланысты еліміздің түкпір-түкпірінде еске алу шаралары өтіп жатыр. Президент атап өткендей, азалы күндерден сабақ алып, мұндай нәубеттің келешекте қайталануына жол бермеу – баршамызға ортақ парыз.



Соңғы жаңалықтар