Семейде әлеуметтік желі арқылы алдайтын алаяқтар көбейген

None
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Семей қаласында әлеуметтік желі арқылы жалған жарнама жүргізетін алаяқтар көбейе бастаған. Жыл басталғалы бері интернеттегі алаяқтыққа қатысты 66 факт тіркелген. Бұл туралы қалалық Полиция басқармасының баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Компьютер мен ұялы телефон арқылы интернет бағдарламаларын шебер пайдаланатын алаяқтардың тағы бір түрі сауда-саттық платформаларын да назарда ұстайды. Мәселен, жақында семейлік зейнеткер OLX.kz сайтынан жатын бөлме гарнитуры туралы хабарламаны көріп, ұнатқан жиһазын тиімді бағамен сатып алмақ болады. Ол көрсетілген ұялы телефон нөміріне байланысқа шығып, 27 жасар алаяқтың шотына 220 мың теңге ақша аударып жіберген. Бірақ, алданып қалғанын дер кезінде аңғарып, полицияға жүгінеді. Аталған факті бойынша қазір ҚР ҚК 190-бабының 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр.

«Алаяқтар сондай-ақ, AnyDesk, TeamWiever сияқты мобильді бағдарламаларды жүктеп алуды «өтінеді» де, нәтижесінде соның көмегі арқылы жеке шоттарыңызға қол жеткізе алады. Сөйтіп, шотыңыздағы ақшаны үшінші біреуге аударып жібереді. Сондықтан, танымайтын біреулер қоңырау шалып, банктік деректемелерді сұраған жағдайда әңгімені бірден тоқтатып, банк менеджеріне хабарласып, картасын бұғаттатып, полицияға хабар бергені дұрыс», - дейді Семей қаласы полиция басқармасының баспасөз хатшысы Лунара Мұқанова.

Басқарма қызметкерлері интернет алаяқтығының өріс алып бара жатқанын ескертіп, қала тұрғындарын мейлінше сақ болуға шақырады.

«Негізінен қылмыс жасаушылардың дені өзге елден болғандықтан, қылмыскерлерді анықтау өте күрделі. Алайда, тәртіп сақшылары бұған қарамастан, интернет алаяқтығымен барынша күресіп келеді», - дейді қалалық ПБ баспасөз қызметі.


Соңғы жаңалықтар