Семейде әлеуметтік осал топтағы оқушылар үшін 1000-нан астам ноутбук алынды

None
None
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Семей қаласында әлеуметтік осал топтағы оқушылар үшін 1000-нан астам ноутбук алынды. Барлық техника қашықтан оқыту барысында уақытша беріледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өткен оқу жылының төртінші тоқсанынан бастап мектептер компьютерлік техникаларын балаларға берді. Бұл 1075 дана компьютер мен ноутбук. Бүгінде біз жергілікті бюджет қаражатынан тағы 1159 ноутбук алдық. Алушылардың тізімін мектептердегі қамқоршылық кеңестер бекітті. Ноутбуктерді әлеуметтік осал топтағы балалар уақытша пайдалануға алады. Бір ноутбуктің құны – 140 мың теңге. Қашықтан оқыту форматы аяқталған кезде техника мектепке қайтарылатын болады. Қазір қалада 4500 оқушы компьютерлік техникаға мұқтаж. Жаңа оқу жылының бірінші тоқсанында ноутбуктері жоқ оқушыларға смартфондармен жұмыс істеуге тура келді», - деді білім бөлімінің әдіскері Альфия Нығматуллина.

Бүгінгі таңда қала мектептерінде аз қамтылған отбасылардан шыққан 8 мыңнан астам оқушы білім алуда.

«Ноутбуктерді мұқтаж және қиын қаржылық жағдайға тап болған отбасыларға таратуға тырыстық», – деді қалалық білім бөлімінің басшысы Наталия Фесенко.

Айта кетейік, компьютерлік техникамен қамтамасыз ету мақсатында атқарылып жатқан жұмыс осымен тоқтап қалмайды. Алдағы уақытта республикалық бюджеттен тағы 4 мыңға жуық компьютерлік техника сатып алынады деп күтілуде.


Соңғы жаңалықтар