Семейде әлеуметтік бағада сатылатын көкөністер 3 жарым мың тоннаға артады

None
None
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Семей қаласында әлеуметтік бағада сатылатын көкөністер үш жарым мың тоннаға артады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қала әкімі Бақытжан Байахметов көктемгі егіс жұмыстарының барысымен танысты.

«Бүгінде Приречный ауылдық округіндегі ең ірі ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші – «Агрофирма Приречное» ЖШС. Биыл компания егіс алқаптарының құрылымын бірнеше есеге кеңейтті. Мәселен, өткен жылы дәнді дақылдар 309 гектар жерге егілген болса, биыл олардың ауданы 162% өсіп, 500 гектарды құрады. Ал картоп егу 150 % өсіп, 309 гектарға жетті. Қырыққабат, сәбіз және жем-шөп дақылдары да көбірек егілді», - деді ол.

Оның айтуынша, компания шаһар қоймаларына көкөністерді төмен бағада жеткізуде. Осы жылы әлеуметтік бағада сатылатын көкөністерді 3 жарым мың тоннаға артыру көзделіп отыр.

«Семейде қажетті дақылдардың егістігі кеңеюде. Азық-түлік қауіпсіздігі үшін көкөніс дақылдарының егіс алқаптарын арттыру маңызды. Қазіргі таңда өсірілген көкөністер ішкі қажеттіліктің 50-70%-ын қамтып отыр. Сондықтан шаруа қожалықтарының иелеріне алдағы уақытта жүйелі түрде қолдау көрсету қажет. Бірінші кезекте, инфрақұрылымды ретке келтіру маңызды. Арнайы мемлекеттік бағдарламалар арқылы инвесторларды тартып, ауылдық өндірістік кооперативтерге қолдау көрсету жоспарлануда. Былтыр қаладағы шаруа қожалықтарының иелеріне 2 миллиард теңгеден астам сомаға қайтарымсыз субсидиялар берілді. Биыл мемлекет тек ақшамен ғана емес, тағы басқа да қажетті қолдау көрсетуді жалғастырады», - деді Бақытжан Байахметов.

Естеріңізге сала кетсек, осыған дейін Семейде ауыл шаруашылығы саласында 8 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатқанын хабарлаған едік.


Соңғы жаңалықтар