Семейде алаяқтар 140-тан астам адамды алдап соққан

None
None
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат –Семей қаласында алаяқтар 143 адамды тұзаққа түсірген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Полиция департаментінің бастығы Сағат Мадиев онлайн форматта өткізілген есеп беру кездесуі барысында өңірдегі алаяқтық фактілерінің 20,5%-ға көбейгендігін айтты.

«Карантин кезінде тауарларды интернет арқылы сату және сатып алу күрт өсті. Осыны пайдаланған алаяқтар жымысқы ойларын жүзеге асыруда. Өткен жылы зардап шегушілер саны 2,5 есеге өскен. Сондай-ақ әрбір интернет алаяқтықтың екіншісі облыстан (492 факті) және республикадан тыс жерлерде (246) жасалған. Қабылданған шаралардың нәтижесінде 146 интернет алаяқтық әшкереленді», - деді ол.

ШҚО бас полицейі аймақ тұрғындарын күмәнді ұсыныстарға сақтықпен қарауға шақырды.

«Кейбір азаматтар оңай жолмен табыс табу үшін осындай ұсыныстарға келісіп, соңында алаяқтардың құрбанына айналып жатады. Мысалы, Семей қаласында полиция қызметкерлері үш адамнан тұратын қылмыстық топты әшкереледі. Олар ақшаны жоғары пайызбен қайтаруға болатындығын айтып 143 адамды алдап соққан. Осының салдарынан жәбірленушілерге 35,5 млн теңге мөлшерінде материалдық залал келтірілді. Қазіргі уақытта аталған факті бойынша тергеу амалдары аяқталып, іс сотқа жіберілді», - деді Сағат Мадиев.


Соңғы жаңалықтар