Семейде алаяқ әйел 17 адамға «пәтер сатқан»

None
None
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Семей қаласында полиция қызметкерлері «пәтер сатамын» деп талайды тұзаққа түсірген алаяқты құрықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қалалық Полиция басқармасы баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, тұрғындардан Әуезов полиция бөліміне алаяқтық фактісі туралы бірнеше арыз түскен. Анықталғандай, 45 жастағы әйел зардап шеккендерге Жұмабаев көшесінде салынып жатқан көпқабатты үй пәтерлерін сататындығын айтып сендірген. Сөйтіп олардан алдын ала ақша алып отырған. Сондай-ақ әккі алаяқ тұрғындарға әртүрлі банктерден және қаржылық ұйымдардан несие алуын сұраған.

«Ол үй пайдалануға берілгенге дейін несиенің ай сайынғы берешегін өзі төлеп отыратындығын жеткізген. Ал қалған соманы пәтер құнынан алып тастауға уәде берген. Соның қарымтасына үйді арзан бағаға беретіндігін айтқан. Өзінде ақшаның болмау себебін «жуық арада инвестициялық қордан бірнеше миллион теңгенің түсуін күтіп жүрмін» деп түсіндірген», - деп хабарлады ведомство өкілдері.

Полицейлер алаяқтың 17 адамды алдап соққанын анықтады. Осының салдарынан жәбірленушілерге 50 млн теңге мөлшерінде материалдық залал келтірілген. Қазіргі уақытта факті бойынша ҚР ҚК-нің 190-бабы, 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.



Соңғы жаңалықтар