Семейде ағаш басып қалған көліктің иесі коммуналдық қызметтен өтемақы өндіріп алды

None
None
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат - Семейде көлігіне ағаш құлаған қала тұрғыны қалалық Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімін сотқа берді. Істі қараған қалалық сот көлік иесіне  175 мың теңге материалдық өтемақы төлеу туралы шешім шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оқиға ағымдағы жылдың жазында Морозов көшесінде орын алған. Көлігін жолдың жиегіне қойып, жұмыстарымен кеткен әйел қайта оралып келгенде көлігін шіріген ағаш құлап, басып қалғанын көреді.  Көліктің төбесі ортасына түсіп, терезелері сынған.  Көлік иесі бірден полицияға арыз жазып, көлігін қалыпқа келтіру үшін қанша қаражат кететінін есептеткен. Шығын көлемі 294 000 теңге болған.

Тексеру кезінде көлік тұрақтаған жасыл  аумақтың қалалық ТҮКШ бөліміне тиесілі екені анықталған. Әйел адам орын алған келеңсіздікті дау-дамайсыз шешкісі келетінін жеткізген. Алайда коммуналдық шаруашылық бөліміндегілер көлік иесінің шағымына назар аудармаған. Осыдан кейін ол мәселені шешу үшін сотқа жүгінген. Осылайша ол ТҮКШ бөлімінен  352 мың теңге өтемақы төлеуін талап еткен.

«Істі қараған қалалық сот ТҮКШ көлік иесіне 175 мың теңге өтемақы төлеу туралы шешім шығарды. ТҮКШ бөлімі материалдық шығынды 2019 жылдың 3 қаңтарына дейін көлік иесіне төлеуі тиіс», - деп мәлім етті соттың баспасөз қызметі.  

Соңғы жаңалықтар