Семейде Абайдың ұлдарымен тұрған ескерткіші қойылады

None
None
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – ШҚО әкімі Даниал Ахметов Семей қаласына жұмыс сапарымен барып, Абайдың 175 жылдығына дайындық барысымен танысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгінде Абай атындағы алаңда ауқымды жөндеу жұмыстары басталып кеткен. Алаңның бейнесі толықтай өзгермек. Жоба бойынша жиектастарды жаңарту, ақын құрметіне орай қойылған ескерткішті жарықтандыру қарастырылған. Спорт және балалар алаңдары, автокөліктерге арналған тұрақ, субұрқақ салынады. Мердігер «Фирма Азия» ЖШС барлық жұмыстар шілде айына дейін аяқталатынын уәде етті.

Даниал Ахметов Абай театрындағы жөндеу жұмыстарының барысымен де танысты. Оған театр мен көрермен залының сыртқы безендірілуіне арналған жобалар көрсетілді. Мерейтой аясында Абай музейін реконструкциялау жұмыстары да жүргізілмек. Сондай-ақ ақынның ұлдарымен тұрған ескерткіші орнатылады.


«Алғаш рет Абайды ұлдарының ортасында көрсеткіміз келеді. Олар өздерінің ұлы әкелеріне сүйіспеншілікпен және ризашылықпен қарап тұрмақ. Мұндай ескерткіш еш жерде жоқ. Біз әрқашан да Абайға ақын, ойшыл ретінде қараймыз. Ал бұл жерде хакімді қамқор әке ретінде көрсетеміз», - деді Даниал Ахметов.


ШҚО әкімі ойшылдың мерейтойына арналған шараларды лайықты деңгейде өткізу керектігін айтып, жұмысқа жауапкершілікпен қарауды тапсырды.


Соңғы жаңалықтар