Семейде Абай музейінде 3 жаңа зал ашылды

None
None
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат - Семейде Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейінде «Үш қайнар»: Абай шығармашылығы», «Абай жолы» - әлем әдебиетінің жауһары», «Қайым Мұхамедханов - абайтанушы» атты үш экспозиция залы ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Абай шығармашылығына арналған алғашқы залдан көрермен қауым данышпан ақын нәр алған қазақтың халық ауыз әдебиеті, шығыс халықтарының поэзиясы, орыс және батыс әдебиетінің озық туындылары сынды үш қайнар бұлаққа қанығады. Мұнда ежелгі өлең-жырларына, аңыз-ертегілеріне, Абай арқылы ел арасында кең тараған шығыс шайырларының жыр-дастандарына, орыс және батыс әдебиеті өкілдерінің классикалық еңбектеріне молынан орын берілген. Ал екінші зал кемеңгер жазушы Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясына арналып, келушілерге ғұламаның абайтану саласындағы тұңғыш ғылыми-зерттеулері, мақалалары және әлем халықтары тілдеріне аударылған еңбектері ұсынылады. Сонымен бірге онда әйгілі роман-эпопея туралы шетел жазушыларының пікірлері де берілген.

null
Үшінші экспозициялық залға аса көрнекті абайтанушы ғалым Қайым Мұхамедхановтың әдеби-ғылыми еңбектері шоғырланған. Сондай-ақ, осы көрме залынан ұлы ақынның өмірі мен шығармашылығын зерттеушілер Төкен Ибрагимов, Кәмен Оразалин, Мұздыбай Бейсенбаевтың еңбектеріне де лайықты орын берілген.

«3 жаңа зал халықаралық музей күніне байланысты ашылып отыр. Тұрақты түрде жұмыс істейтін залдар келушілерге Абай шығармашылығын танытуға бұрынғыдан да үлкен әсер етеді деп сенеміз. Көрермен назарына жеке өміріне қатысты дүниелері, қолжазба еңбектері және тағы басқа заттар  ұсынылып отыр", - деді Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейі директорының орынбасары Мейрамгүл Қайрамбаева.

null 

null 

Соңғы жаңалықтар