Семейде 800 адам сыятын 9 эвакуациялық пункт дайындалды

None
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат - Семей билігі 800 адамға дейін сыятын тоғыз эвакуациялық пункт дайындады және Озерки ауылдық округінің Каштак, Полинки, Тепкаши және Талица ауылдарының тұрғындарын қабылдауға және қамтамасыз етуге дайын.

Бұл туралы ҚазАқпарат Абай облысы әкімдігінің Telegram каналына сілтеме жасап хабарлайды.

Эвакуациялық пункттер келушілердің уақытша тұруы үшін қауіпсіз жағдайларды қамтамасыз етеді. Олар колледждер, ЖОО және қалалық қонақүй ғимараттарында орналасқан. Осы пункттердің әрқайсысында ыстық тамақ және бірінші кезекте қажетті заттарды беру жұмыстары ұйымдастырылған.

Халықты жедел эвакуациялау үшін 10 автобус жіберілді.

«Қажет болған жағдайда көмекке мұқтаж барлық адамдарды қабылдау үшін қосымша эвакуациялық пункттер ұйымдастырылады. Барлық азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету басымдық болып қала береді»,-делінген хабарламада.

Еске салайық, аздаған уақыт бұрын Семей қаласында жергілікті ауқымда табиғи сипаттағы төтенше жағдай режимі жарияланды.

«Семей» орманы резерватында өрт 8 маусым күні шыққан болатын. «Өрт найзағайдың 2 рет соғуынан шыққан. Өртті тез арада ауыздықтау мүмкін болмады, оған себеп «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты техникасы биік құм төбелері орналасқан аймаққа жете алмады», - деген болатын Абай облысы әкімінің орынбасары Димитрий Гариков.

Кейінірек Семей орманындағы өртті сөндіруге жұмылдырылған 3 маман қаза тапты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильинге Абай облысындағы оқиға орнына жедел барып, өрт сөндіру жұмыстарын басқару міндетін жүктеді. Үкіметке және Абай облысының әкімдігіне қаза тапқан орман шаруашылығы қызметкерлерінің отбасыларына барлық қажет көмекті көрсетуді тапсырды.

Абай облысындағы өртке байланысты жедел желі ашылды.

Абай облысындағы алапат өртке байланысты Қасым-Жомарт Тоқаевтың 11-13 маусым күндері Вьетнамға жоспарланған ресми сапары кейінге шегерілді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке Абай облысындағы өртке қолда бар барлық ресурстарды жұмылдыруды тапсырды.


Соңғы жаңалықтар