Семейде 8 мектепке ұлы тұлғалардың есімі беріледі

None
None
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат - Семейде бірқатар мектептердің атауы өзгеретін болды. Бұған дейін нөмермен аталып келген білім ошақтары енді Абай Құнанбаев, Мұхтар Әуезов, Бауыржан Момышұлы атындағы мектеп болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгінгі күні Семей өңірі бойынша 67 мектеп болса, соның тек 9-ына ғана ұлы тұлғалардың есімі берілген. Қалғаны  сандық белгі бойынша нөмірленіп аталады. Сондықтан біртуар азаматтардың есімін жас ұрпақ жадында берік ұстау мақсатында тағы 8 мектептің атауы жаңартылатын болды.  Яғни, мектептерге тарихи тұлғалардың,  «Алаш» партиясы қайраткерлерінің есімдері берілмек.

Атап айтқанда № 49 мектепке қазақтың бас ақыны Абай Құнанбаев,  № 3 мектепке жазушы Мұхтар Әуезов, №2 мектеп геолог-ғалым Қаныш Сәтпаевтың, №34 мектеп Кеңес одағының батыры, жазушы Бауыржан Момышұлының, №37 мектеп Ыбырай Алтынсарин, №39 мектеп Әлихан Бөкейхановтың, 47 мектеп Ахмет Байтұрсынов және 29 мектеп педагог Ташбек Құтжановтың есімімен аталатын болады. 

«Республикалық ономастикалық комиссияның ұсынылған тарихи тұлғалардың есімін беру туралы  тізімін мектептерге жібердік. Бүгінгі күні 8 мектеп ұсынысты қабылдады. Біз мектеп атауын өзгертуге күштемейміз. Мектеп басшылығы ұстаздармен бірге мәселені педагогикалық кеңесте талқылап, өздеріне ұнаған тұлғаның есімін  қабылдады. Қазір құжат жұмыстарын реттеу жүріп жатыр»,- деді Семей қалалық білім бөлімінің  әдіскері Сәуле Дүйсенбекова.

Соңғы жаңалықтар