Семейде 32 мың адамның коммуналдық шығыны өтелмек

None
None
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Семей қаласында 32 мыңнан астам тұрғын коммуналдық шығын үшін 15 мың теңгеден алуға құқылы, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Мұрат Құржықаевтың айтуынша, карантин режиміне байланысты коммуналдық шығынды өтеу үшін 15 мың теңге көлеміндегі ақша 7 санаттағы азаматтарға беріледі. Нақты айтсақ, I, II және III топтағы мүгедектер; ҰОС мүгедектері мен қатысушылары; ҰОС мүгедектері мен қатысушыларына теңестірілген тұлғалар; мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар; көпбалалы жанұялар; ең төменгі зейнетақы алатын зейнеткерлер; мемлекеттік және қоғамдық міндеттерін, әскери қызметін орындау кезінде, ғарышқа ұшуды дайындау немесе жүзеге асыру кезінде, адам өмірін құтқару кезінде, құқық тәртібін қорғау кезінде қаза тапқан адамдардың отбасылары; АӘК алатын азаматтар, оның ішінде жалғызбасты зейнеткерлер ала алады.

«Қазірде арнайы тізім жасалды. Қала бойынша жалпы саны 32 мыңнан астам адам бұл көмекті алуға құқылы. Негізгі шарт - олардың жеке баспанасы мен қызмет көрсетушілермен келісімшарттары болуы тиіс. Өтінішті ТҮКШ бөліміне беру керек, онда call-орталық жұмыс істейді. Төлемдер тиісті қаражат түскеннен кейін беріле бастайды», - дейді ол.

Естеріңізге сала кетсек, осыған дейін коммуналдық қызметке 15 мың теңге төлеуге өтінім қабылдау әкімдіктер арнаулы жүйені іске қосқан соң басталатындығы хабарланды.

Соңғы жаңалықтар