Семейде 24 мыңға жуық адам жер телімін алуға кезекте тұр

None
None
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Семей қаласында жеке тұрғын үй салуға арналған жертелімін алуға кезекте 23 826 адам тұр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы Аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында қалалық Жер қатынастары бөлімінің басшысы Құдайберген Сейілханов мәлімдеді.

«Облыс әкімінің қаулысына сәйкес, Семейде қаланың бас жоспарын бекіткенге дейін құрылысқа арналған жер телімін беруді тоқтата тұру туралы шешім қабылданған. Бекітілген жоспар бойынша жер үй салу үшін жалпы көлемі 4070,3 гектар 10 тұрғын үй массиві қарастырылған. Жер учаскелерінің саны – 13 715. Қазіргі уақытта Ұшақтар және Комсомол тұрғын үй массивтеріне коммуникациялар тартылды», - деді ол.

Құдайберген Сейілхановтың айтуынша, былтыр «Семей құрылыс материалдары» ЖШС-ға «Бірқабатты Шығыс» бағдарламасы бойынша 10 жер учаскесі берілген. Ол жерлерде жалпы алаңы 1 142 шаршы метр он жеке үй салынды.

«Қалған жер учаскелері «Бірқабатты Шығыс» бағдарламасын одан ары жүзеге асыру үшін резервке алынды. Сонымен қатар биыл кезекте тұрғандарға 48 жер учаскесі берілген. Бүгінде олардың 31 учаскесі рәсімделді», - деді бөлім басшысы.



Соңғы жаңалықтар