Семейде 23 адам ата-ана құқығынан айырылды

None
None
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат - Семейде 3 күнге созылған «Тұрмыс» жедел алдын алу шарасы аяқталды. Тәртіп сақшылары жүргізген рейд кезінде отбасыларының мазасын қашырған 40 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Рейд барысында полицейлер тұрмыстық жағдайы төмен және ішімдікке салынған отбасыларды аралады. Нәтижесінде 277 жанұя тексеріліп, 28 құқықбұзушылық анықталды.

Полиция қызметкерлері соңғы жылдары ішімдікке салынған ерлі-зайыптылардың көбейгенін атап өтуде. Тек 5 айдың ішінде олар 126 отбасын тіркеуге алған. 23 адам ата-ана құқығынан айырылды. Олардың саны артуы мүмкін. Себебі, маскүнемдерді қанша жауапқа тартқанмен, нәтиже болмай отыр. Сондықтан құқыққорғау органдарының өкілдері қатаң шара қабылдауға тура келетінін айтады.

«Бұл шаралар алдағы уақытта да жалғасын табады. Бірнеше отбасыға ескерту жасалды. Егер соңғы ескертуге құлақ аспаса, ұл-қыздары Балалар үйіне жіберіледі. Себебі, олар өздері ішімдікке салынғандықтан, балаларының жағдайына бас ауыртпайды. Ал балалар тамақсыз, аш-жалаңаш отыруға мәжбүр», - дейді Семей қалалық ІІБ инспекторы Аида  Бейсембинова.

Соңғы жаңалықтар