Семейде 21 бас жылқыны айдап кеткен ұры қолға түсті

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Семей қаласының Әуезов аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкерлері аса ірі көлемдегі мал ұрлығының бетін ашты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оқиға Семей қаласынан 10 шақырымда жатқан Знаменка ауылында болған. 51 жастағы шаруа қожалық иесі 21 бас жылқысын ұрлатып алған. Полиция бөлімшесіне шағымданған мал иесі үйірдің жоғалған уақытын дөп басып айта алмапты. Бар білетіні, жылқы 21 қараша мен 3 желтоқсан аралығында қараусыз болған. Зардап шегушінің арызы негізінде із кескен сақшылар маңайдағы ауыл-қыстақтың бәрін тінтеді. Тінту барысында 48 жастағы ер адам күдікке ілінген. Ол өзінің қылмысын мойындап, аман қалған бес басты иесіне қайтарған. Қалған 16 бас бұл кезде сатылып кетсе керек. Қожалық иесі ұрлықтан келген шығынды 5 млн теңгеге бағалап отыр.

«Мал ұрлығының көбі қараусыз жіберу кезінде болады. Халықтың жауапкершілігін арттыру үшін облыс бойынша уақытша мал ұстауға арналған 218 орын құрылған. Қараусыз жүрген мал иесі келгенше сол жерде ұсталады. Жыл басынан бері аталмыш «айып-тұрақтарына» 1,5 мың мал алыныпты. Оның 900-і сиыр, 580-і жылқы, қалғаны ұсақ мал. Әзірге бұл шара да мал иелеріне сабақ болмай тұр» - дейді облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз  қызметінің бас маманы Азамат Раисов.

Соңғы жаңалықтар