Семейде 2 мыңға жуық түлек мектеп бітірді

None
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Семей қаласында 2 мыңға жуық түлек мектеп бітірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қала әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, бүгін Семейдегі барлық мектепте соңғы қоңырау мерекесі өтті. Шаһар басшысы Нұрбол Нұрсағатов Шәкәрім мектеп-гимназиясында болып, ұстаздар мен оқушыларды құттықтап, мектеп бітіретін түлектерге ақ жол тіледі.

«Мектеп– қашанда жақсылық пен ізгіліктің, парасаттылық пен кемеңгерліктің, таным мен тәрбиелі істердің қасиетті ордасы. Ендеше, мектеп бітіруші түлектеріміз оқушылық өмірде осындай ұлағатты істердің ұшқынын бойына сіңіріп, байыпты бағдарын бойларына дарытып, білім көкжиегін кеңейте білді деп санаймын. Жарқын болашаққа бастар жолдарыңызға ақ жол тілеймін», - деді ол.

Қала бойынша 68 мектепте биылғы оқу жылын 1937 түлек тәмамдап отыр. Оның ішінде 60 түлек «Алтын белгіге, 155 түлек «Үздік аттестатқа» үміткер.

Осы оқу жылында Семей оқушылары республикалық, халықаралық байқаулар мен олимпиадаларға қатысып, жетістіктерге жетті. Атап айтқанда, ғылыми жоба бойынша облыста 71, республикада 4, халықаралық деңгейде 2 оқушы жүлдегер атанған. Спорттық сайыстар мен шығармашылық конкурстардың республикалық кезеңінде 85 орын болса, халықаралық спорттық жарыстарда 43 оқушы жеңіске жетті.


Соңғы жаңалықтар