Семейде 1680 тыл ардагеріне біржолғы сыйақы берілді

None
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Семей қаласында тұратын 1680 тыл ардагеріне Жеңіс күні қарсаңында біржолғы сыйақы берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің мәліметінше, Семейде 1941 жылғы 22 маусым мен 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемінде алты ай жұмыс істеген 1680 тыл ардагері бар. Мерекеге орай, оларға 50 000 теңге көлемінде біржолғы сыйақы берілді.

Ал, соғыстың 9 ардагері мен мүгедегі 1,5 млн теңгеден біржолғы көмек алды. Ленинград блокадасы кезінде қаланың кәсіпорындары мен ұйымдарында жұмыс істеген, «Ленинградты қорғағаны үшін» медалімен және «Қоршаудағы Ленинград тұрғыны» төсбелгісімен марапатталған екі семейлікке 100 000 теңгеден бөлінді.

«Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде кәмелеттік жасқа толмай концлагерьлерде, гетто және басқа да мәжбүрлеп ұстау орындарында тұтқында болған тұлғаларға 100 000 теңге көлемінде көмек қарастырылған. Тылдағы жанқиярлық еңбегі және мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСРО ордендерімен және медальдарымен марапатталған 41 қала тұрғынына да 100 000 теңгеден берілді», - делінген аталған бөлімнің ақпаратында.

Естеріңізге сала кетсек, осыған дейін Өскеменде соғыс ардагерлеріне 1,5 млн теңгеден берілетіндігі хабарланған.


Соңғы жаңалықтар