Семейде 10 мыңға жуық адам қала көшелерінен 80 тонна қоқыс жинады

None
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Семей қаласында «Таза табиғат» акциясы аясындағы сенбілікке 10 мыңға жуық адам жиналды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қала әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, бүгінде Семейде «Таза табиғат» акциясы және күзгі экологиялық айлық аясында ауқымды жалпықалалық сенбілік өтуде. Оған 10 мыңға жуық қала тұрғынды қатысып жатыр.

Сенбілікке жергілікті халық, мемлекеттік мекемелердің, бюджеттік ұйымдардың, жоғары және орта оқу орындарының, шағын және орта бизнестің, көппәтерлі тұрғын үйлерді басқару органдарының қызметкерлері шықты. Сондай-ақ сенбілікке «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының әскери қызметкерлері қатысып, Знаменка тасжолының бойындағы іргелес аумақты қоқыстан тазартты.

«Санитарлық тазалауды және қоқысты жинауды қамтамасыз етуге арнайы техника, оның ішінде 20 тиегіш пен 65 самосвал көлігі жұмылдырылды. «Бірге таза Қазақстан» экологиялық айлығы аясында қалада 2 700 көшет отырғызылды», - делінген ақпаратта.

Сенбілікке қатысушылар жинаған 80 тоннадан астам қоқыс полигонға шығарылды.


Соңғы жаңалықтар