Семей ядролық полигонының аумағы қауіпті емес- ғалымдар

None
None
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат - Семей ядролық полигонының аумағы қауіпті емес. Зерттеу жүргізген ғалымдар осындай шешім шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Таяуда Семей ядролық полигонының аумағында пайдаланылуға берілетін жер көлемі артуы мүмкін. Қазақстандық ғалымдар полигон аумағының жартысынан астамы қауіпті емес және экономикалық айналымға қайтарылуы мүмкін деген қорытындыға келді.  Сынақ алаңының қолданыстағы шекаралары радиациялық жағынан қауіпсіз.  Бұл 2008 жылдан бері өткізіліп келе жатқан жан-жақты зерттеумен расталған. Олардың нәтижелері Курчатов қаласында өткен «Семей сынақ полигоны: радиациялық мұра және ғылыми-техникалық әлеуеттің даму келешегі»  тақырыбын қамтыған VIII халықаралық конференцияда айтылды. Айта кетейік, конференцияға  қазақстандық ғалымдардан өзге Жапония, Беларусь, Қытай, Германия, Франция, Чехия, Ресей сынды алпауыт мемлекеттердің жетекші ғалымдары келді.

Сынақ алаңының 10 мың шаршы километріне радиоэкологиялық кешенді зерттеу жүргізілген. Бұл полигонның жалпы аумағының 60 пайызын құрайды. Белгіленген аумақта радиациялық жағдайдың бүгінгі және болашақтағы жағдайына болжам жүргізілген. Сонымен қатар «Опытное поле» және «Дегелен» тәжірибелік алаңдарының ең ластанған учаскелерін рекультивациялау бойынша жұмыстар жасалды. Жүргізілген зерттеулердің қорытындысы бойынша, 10 мың шаршы шақырым жерді шаруашылық қызметте қолдануға болатыны дәлелденді. Тағы 458,2 шаршы шақырым өнеркәсіпте пайдалануға жарамды. Отандық ғалымдардың қорытындылары ресейлік әріптестер мен Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің мамандарының қорытындысымен расталған.

 «Атом энергиясы институты мен Радиациялық қауіпсіздік және экология институтының мамандары  жоғары нәтижелерге жету жолында көп жұмыс жасады.  Нәтижесінде бірқатар істер атқарылды. Ол - атом станциясы мүмкіндіктерін зерттеу, Семей сынақ полигонына Ақтаудан ядролық жанар-жағармай тасуға байланысты жобаны жүзеге асыру. 3050 шақырым жерден отын әкелу - Гиннестің Рекордтар кітабына енгізуге болатын ерекше тәжірибе. Сондай-ақ зор жетістік деп шетелдік әріптестермен тығыз байланысымызды айтуға болады. Қазақстандық материалтану Токамагы қондырғысын физикалық іске қосу, Семей сынақ полигонында жасалатын зерттеулер, оның нәтижелері - мұның бәрі көп жылдар бойы маңдай термен келген үлкен жетістік»,- деді  ҚР Ұлттық ядролық орталығының бас директоры Эрлан Батырбеков.

Зерттелген жерлерді қайта оңалту кезеңі келесі жылы басталмақ. Радиоактивті қалдықтар шығарылатын арнайы кешен салынады деген жоспар бар. Сонымен бірге жыл аяғына шейін токамак қондырғысы физикалық іске қосылады. Физикалық іске қосу күрделі іс болғандықтан әзірге дайындық жұмыстары жүріп жатыр.  

Соңғы жаңалықтар