Семей ядролық полигонында 13 жыл жүргізілген зерттеу аяқталды – Мағзұм Мырзағалиев

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Энергетика министрлігі бұрынғы Семей ядролық полигонында 2008 жылы басталған кешенді экологиялық тексеруді аяқтады. Бұл туралы ҚР Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өздеріңіз білетіндей, 1949 жылы 29 тамызда Семей сынақ полигонында алғашқы ядролық бомба сыналды. 50 жыл ішінде Семей полигонында 456 ядролық сынақ өткізілді. Полигонда жүргізілген жарылыстардың жалпы қуаты Жапонияның Хиросима қаласына тасталған ядролық зарядтың қуатынан 250 есе көп.1991 жылы еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Семей ядролық сынақ полигоны жабылды. Тәуелсіздік жылдары бұрынғы Семей сынақ полигонында жаппай қырып-жою қаруын таратпау режимін қолдау мақсатында ауқымды жұмыстар жүргізілді», - деді М. Мырзағалиев Парламент Мәжілісінде өткен дөңгелек үстелде.

Ядролық қаруды сынау инфрақұрылымын жою бойынша жұмыстар жүргізілді – Дегелең тау алабының 181 штольнясы, «Балапан» алаңында пайдаланылмаған 13 ұңғыма және 12 шахталық ұшыру қондырғысы жабылған.

2008 жылдан бастап полигон аумағында министрлікке ведомстволық бағынысты ұйым Ұлттық ядролық орталықтың күшімен кешенді экологиялық тексеру жүргізіліп, биыл аяқталды.

«Осы жылдары бұрынғы полигонның радиоэкологиялық жай-күйін анықтау мақсатында бірнеше миллион өлшеу жүргізіліп, ондаған мың топырақ үлгісіне талдау жасалды. Бүгінгі таңда аумақтың 100 пайызы тексеріліп, 2008-2021 жылдарға арналған қорытынды есеп дайындалды.

Қазіргі заңнамаға сәйкес, аталған зерттеу материалдары дайындалып, мемлекеттік экологиялық сараптамаға жіберілетін болады, оның нәтижелері бойынша шартты түрде таза және нормативтен тыс ластанған жерлер айқындалады. Алдын ала бағалау бойынша шартты түрде таза және нормативтен тыс ластанған жерлердің ауданы тиісінше 8900 және 9 400 шаршы километрді құрайды», - деді Энергетика министрі.

Айта кетейік, Парламент Мәжілісінде «Семей ядролық қауіпсіздік аймағы туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Семей ядролық қауіпсіздік аймағы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заң жобалары талқыланды. Қаралып отырған заң жобасы бұрынғы Семей полигоны жерлерін пайдалану, оның аумағын оңалту, елдің ғылыми әлеуетін дамыту мәселелерінде бақылауды күшейтуге бағытталған.


Соңғы жаңалықтар