Семей тұрғындарынан сирек кездесетін балық тәркіленді

None
None
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Семейде «Уылдырық» жедел алдын алу шарасы барысында қала тұрғындарынан заңсыз ауланған 300 келі балық тәркіленді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қалалық Полиция басқармасы баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 29 мамыр күні «Семей-Шүлбі» тасжолының бойындағы Ертіс өзенінде резеңке қайықпен синтетикалық ау арқылы балық аулап жүрген екі ер адам ұсталды. Олардың қабынан көксерке, алабұға, күмжі (таймень) балықтары табылған.

«Күмжі (таймень) ҚР Қызыл кітабына енгізілген. Тәркіленген балық салмағы – 33 келі. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде», - деп хабарлады ведомство өкілдері.

Сонымен қатар Жиеналы ауылдық округінде орналасқан Балықтыкөл бойында Renault Duster маркалы көлік тоқтатылған. Салоннан 500 метрлік синтетикалық ау, екі орындық резеңке қайық, балық салынған екі полиэтиленді қап табылды. Заңсыз ауланған балықтың жалпы салмағы 40 келіге жеткен.

Естеріңізге сала кетсек, өңірде 15 сәуір мен 31 мамыр аралығында заңсыз балық аулайтындарға тосқауыл қоюға арналған «Уылдырық» шарасы өткізіліп жатыр.

Соңғы жаңалықтар