Семей тұрғындары жылуға 400 млн теңгеге жуық қарыз болып қалған

None
None
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Семей қаласының тұрғындары жылуға 400 миллион теңгедей қарыз болып қалған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қалалық ақпарат орталығының мәліметіне сенсек, жылу маусымының төрт айында жеке тұлғалардың дебиторлық берешегі 396 миллион теңгені құраса, коммерциялық ұйымдар мен заңды тұлғалар 204 миллион теңгеден астам қарызға батқан.

«Біз халықты шотты алғаннан кейін созбалаңға салмай, ай сайын төлем жасап отыруға шақырамыз. Тұрғындардың төлем қабілеті - 40 пайыз, негізінен бұл - зейнеткерлер мен бюджеттік ұйым қызметкерлері. Екі ай немесе одан да көп уақыт көлемінде тиісті төлем жасалмаса борышкерлерге қатысты мәжбүрлеу шаралары қолданылады», - дейді «Теплокоммунэнерго» МКК сату басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айнұр Төлеубаева.

Оның айтуынша, 2019 жылдың ақпан айынан бастап ақша өндіру процедурасы жеңілдетілген. Бірінші абонент бұл туралы хабарлама алады. Одан соң екі аптаның ішінде орындау туралы акт жеке сот орындаушысына жіберіледі. Борышкердің қарызына байланысты банк шоттары мен мүлкі бұғатталады. Сондай-ақ оған Қазақстан аумағынан шығуға тыйым салынады. Ал заңды тұлғаларға бірдей санкциялар қолданылады.

«Кейде абонент төлемді уақтылы жасай алмай қалатын жағдайлар да болып жатады. Осындай кезде «Теплокоммунэнерго» МКК-ға кепілдеме хат дайындап, ол жерде кешіктіруге не себеп болғанын және қарызды қашан төлейтінін жазу қажет» - дейді Айнұр Төлеубаева.



Соңғы жаңалықтар