Семей тұрғындары мәліметті бұрмалап 11 пәтерді заңсыз иеленіп кеткен

None
None
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат - ШҚО прокуратурасы жұмыспен қамту саласынан 12 мыңнан астам заңбұзушылықты анықтады. Бұл туралы ҚазАқпарат Шығыс Қазақстан облысының прокуратурасына сілтеме жасап хабарлайды.

Облыс прокуратусы «Жұмыспен қамту жол картасы» және «Өнімді жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруға бөлінген бюджеттік қаражатты жұмсау заңдылығына тексеру жүргізді. Нәтижесінде жалған жұмыс орындарын құру, еңбек нарығына лайықсыз мониторинг жүргізу, азаматтарды талап етілмейтін мамандықтарға оқыту фактілері анықталды.

Яғни, 1,5 млрд теңге тиімсіз жұмсалған. Прокурорлық тексеру заем алушылардың несиені мақсатсыз пайдалануының 20-дан астам фактісін анықтап, олардың барлығына ақшалай қаражатты мерзімнен бұрын қайтару туралы талаптар жолданды.

«Мысалы, Т. деген азамат 15 ірі қара мал сатып алуға жеңілдікпен алған 3 млн теңгені өзіне жылжымайтын мүлік сатып алуға жұмсаған. Енді ол аталмыш соманы қайтаруы тиіс. Ал «Ауыл шаруашылығын қолдау қаржы Қоры» АҚ филиалы өздерінің қызметін салық органдарында тіркемеген 24 азаматқа 51 млн теңгеден астам қаражатты негізсіз берген. Сондай-ақ, 37 заем алушы ірі қара малын сатып алу үшін 82 млн теңгеден астам несие алып, бір айдан кейін өз кәсіпкерлік қызметін тоқтатқан. Тағы бір облыс тұрғыны 1,5 млн теңге несие алып, 29 күннен кейін салық органдарының есебінен шығып кеткен» делінген хабарламада.

Бұдан басқа, уәкілетті органға жалған құжаттар мен мәліметтерді беру арқылы жұмысқа жалған орналасуға қатысты 39 оқиға анықталды. Келтірілген залал 6 млн теңгені құрады, оның 2 млн теңгесі бюджетке қайтарылған. Қалған сома бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Халықты көшіру бағдарламаларын тексеру кезінде де көптеген заңбұзушылықтар анықталды.

Атап айтқанда, Семей қаласының жұмыспен қамту орталығына Айнабұлақ, Знаменка, Таңат және Приреченское ауылдық округтерінен облыс ішінде көшу туралы 11 өтініш түскен. Алайда, көші-қон полициясы мен әкімдіктердің мәліметі бойынша, аталған ауылдарда ондай отбасылар бұрын тұрмаған. Олар ауылдық округке өтініш берерден бірнеше күн бұрын тіркелген.

Сөйтіп, оларға мемлекеттік тұрғын үй қорынан жалпы құны 96 млн теңгені құрайтын 11 пәтер заңсыз берілген. Оларды қайтару мақсатында қала әкімдігіне қадағалау актілері енгізілді.

 

Соңғы жаңалықтар