Семей тұрғындары қоқыс полигонынан шыққан өрт түтініне тұншығуда

None
None
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Семей қаласының тұрғындары қоқыс полигонындағы өрттің қою түтініне тұншығып жатқандықтарын айтып, дабыл қағуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Соңғы күндері Семей халқы әлеуметтік желілерде қоқыс полигонындағы өрттің салдарынан дем алу мүмкін еместігін айтып шағымдануда. Осы мәселеге орай ҚазАқпарат тілшісі қалалық ТҮКШ бөлімінің басшысы Амантай Өтелбаевқа хабарласқан еді.

«Бұл қоқыс полигоны жергілікті жеке кәсіпкерлердің біріне тиесілі. Ол өзінің қоршалған аумағында қоқыс үйінділерін өртейді. Алайда бұл қала экологиясына елеулі зиянын тигізіп жатыр. Сол маңдағы жер үйлерде тұратын азаматтар бұған наразылықтарын білдіруде. Балалар қара түтінді жұтпас үшін сыртқа шығып ойнаудан қалды. Ауаның бұзылғандығын айтқан жұрт өз денсаулықтары үшін алаңдайды. Ал полигон иесі болса ешқандай шара қолданбай келеді», - деді ол.

Оның айтуынша, арнайы комиссия құрылып, полигонға толыққанды тексеру жұмыстары жүргізілмек.

«Жеке кәсіпкер кемшіліктерді жойып, талапқа сәйкес жұмыс істемесе онымен келісімшарт бұзылады. Тексеру аяқталған соң облыстық Экология департаменті мен табиғат қорғау полициясы полигон иесіне қатысты тиісті шара қолданады. Қазіргі уақытта біз жаңа полигонның жобасын да әзірлеп қойдық. Онда қоқыс өңделіп, заң талаптары толықтай сақталатын болады», - деді Амантай Өтелбаев.


Соңғы жаңалықтар