Семей риелторлары Абай облысының құрылуы баспана бағасына қалай әсер еткенін айтып берді

None
None
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Абай облысының құрылатынына байланысты Семейде баспана бағасының күрт қымбаттап кеткенін әлеуметтік желіде жарыса жазып жатқандар бар. Осыған орай, ҚазАқпарат тілшісі жергілікті риэлторлармен хабарласып, нарықтағы бағаны бағамдап көрді.

Жылжымайтын мүлік агенттігінің басшысы Нұргүл Сүлейменова баспана нарығына бірнеше фактордың әсер еткенін айтады.

«Семейде пәтердің де, жер үйдің де бағасы рекордтық көрсеткішке жетіп отыр. Тек жаңалары емес, ескі үйлердің құны да қымбаттаған. Бұған бірнеше фактор әсер етті. Біріншіден, құрылыс материалдарының бағасы көтерілгені белгілі. Бұл жаңа үйлердің қымбат болуына әкелді. Жаңа облыстың құрылатыны туралы жаңалық та ықпал етіп отыр. Себебі, халық қалаға мол қаржы құйылып, жағдай оңалады деп үміттенеді. Тек үйдің емес, жалға берілетін нысандардың, кеңселердің де ай сайынғы ақысы жоғарылап кетті. Ал осыған дейін еш қолданылмай, бос тұрған ғимараттар көп болатын», - дейді ол.

Риэлтордың айтуынша, қайталама нарықтағы 32 шаршы метрлік бір бөлмелі пәтердің бағасы осыдан 3 ай бұрын 8,5-10 млн. шамасында болса, қазір 10 млн. теңгеден басталады. 42 шаршы метрлік бір бөлмелі пәтердің құны бұрын 10-12 млн. шамасында құбылса, бүгінде 12 млн. теңгеден асып жығылады.

«Орташа есеппен алғанда баға осындай. Әрине, баға пәтердің қазіргі жағдайына, салынған жылына, орналасқан көшесіне, қабатына байланысты белгіленеді. Жылы жаңа 52 шаршы метрлік екі бөлмелі пәтерлер бүгін 15-20 млн. теңге аралығында, ал бірнеше ай бұрын 13-15 млн. еді. Үш бөлмелі пәтерлер 18-30 млн. теңгеге дейін тұрады. Менің ойымша, бағаны осыншама өсіру қисынға келмейді. Адамдар үйлерінің құнын негізсіз аспандатып жіберді», - дейді 13 жыл бойы осы салада жұмыс істеп жүрген Нұргүл Сүлейменова.

Ал тағы бір риэлтор Жұлдыз Магазинованың пікірінше, үй Абай облысының құрылатыны жайлы хабардан соң бірден қымбаттап кетті деуге келмейді.

«Баспана бағасы бұдан бұрын өсіп кеткен. Мәселен, кейбір құрылыс компаниялары былтыр 1 шаршы метрі үшін 240 мың теңге сұраса, биыл баға 280 мыңға жетті. Одан да қымбаттары бар. Ескі үйлерге қатысты айтар болсақ, ипотекалық бағдарламаның талаптарына сай келетін пәтерлердің құны жоғарылады», - дейді.

Оның айтуынша, баға негізінен зейнетақы жинағын баспана алуға жұмсауға рұқсат берілгенде күрт өскен. Сол кезде бірден 1,5-2 млн. теңгеге қымбаттапты.

«Ипотекаға алуға келмейтін ескі үйлер ғана бұрынғы бағада. Байқауымша, қазір сапасы жақсы, 2-3 бөлмелі пәтерлерді арнайы бағдарлама арқылы несиемен қол жеткізуге мүмкіндігі барлар немесе қалталы азаматтар сатып алып жатыр. Көпшілік бағаны қолдан шарықтатып жіберді. Бұл мәселені мемлекет тарапынан реттеу керек деп ойлаймын», - дейді риэлтор.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында Абай облысын құрып, Семейді оның орталығы етуді ұсынған болатын.



Соңғы жаңалықтар