Семей полигоны маңында жарамды жерлердің едәуір бөлігі пайдаланылмай отыр - министр

Фото:
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Семейде полигон жабылғалы бері бірқатар проблема анықталды. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында «Семей ядролық қауіпсіздік аймағы туралы» заң жобасын талқылау кезінде ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«1949 жылғы 29 тамызда Семей сынақ полигонында алғашқы ядролық бомба сыналды. 50 жыл ішінде полигонда 456 ядролық сынақ өткізілді, жарылыстардың жиынтық қуаты Жапонияның Хиросима қаласына тасталған ядролық зарядтың қуатынан 250 есе артық. 1991 жылы еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен Семей ядролық сынақ полигоны жабылды. Бүгінгі таңда оның аумағы - шамамен 18 300 км2. Тәуелсіздік жылдары бұрынғы полигонда, соның ішінде «Дегелең» тау алабында, «Балапан» және «Тәжірибе алаңы» сынақ алаңдарында жаппай қырып-жою қаруын таратпау режимін қолдау бойынша ауқымды жұмыс жүргізілді. Полигон жабылғалы бері бірқатар проблемалық мәселелер анықталды», - деді Б. Ақшолақов.

Оның айтуынша, бұрынғы Семей полигонының жері үш облыстың жергілікті атқарушы органдарының қарамағындағы босалқы жерге жатады, бұл бөгде адамдардың іс-әрекеттерін және осы аумақта болып жатқан оқиғаларды бақылауды қиындатады.

«Полигонның нормативтен тыс ластанған жерлерін оңалту және қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілмейді. Сондай-ақ радиоактивті ластану деңгейіне тұрақты мониторинг жүргізілмеуіне байланысты радиоактивті зақымданудың жылыстауы бойынша өзекті деректер жоқ. Бүгінгі таңда ластанған және таза аумақтардың аражігі ажыратылмағандықтан жарамды жерлердің едәуір бөлігі пайдаланусыз қалып отыр», - деді министр.


Соңғы жаңалықтар