Семей, Павлодар және Екібастұзда есірткі саудалаған қылмыстық топ сотталды

None
None
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Семей Павлодар және Екібастұз қалаларында есірткі саудалаған қылмыстық топтан 2 мың бірреттік доза тәркіленген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Семей станциясына жолаушылар пойызымен синтетикалық есірткінің ірі партиясын әкелген курьер ұсталды.

Осыдан соң Семей көлік прокуратурасының үйлестіруімен полиция қызметкерлері Семей, Павлодар және Екібастұз қалаларында психотроптық заттарды аса ірі мөлшерде саудалаумен айналысқан қылмыстық топ мүшелерін анықтау мақсатында жедел іс-шаралар жүргізді.

«Нәтижесінде, интернет-дүкеннің директоры, клиенттермен байланыс орнататын оператор және шағын партияларды жасырып сатып жүрген адам ұсталды. Интернет-дүкеннің барлық қызметі Telegram әлеуметтік желісі арқылы жүзеге асырылып, қатысушылардың бір-бірінің шын есімдерін білмеуі тергеу барысында қиындық туғызды», - дейді Семей көлік прокуроры Медет Несіпбек.

Оның айтуынша, қылмыстық топтың 120 млн теңгеден астам ақша қаражатының айналымы болды.

Семей қаласында 29 және Павлодар қаласында 18 жасырын есірткі сақтау орны анықталған.

Тінту жұмыстары барысында «қара нарықтағы» бағасы 15 млн теңгеден асатын психотроптық заттардың 2 мыңнан астам бірреттік дозасы тәркіленді.

«Альфа PVP» және «Марка» психотроптық заттары адам жасушаларына лезде еніп, биологиялық кедергілерді айналып өтіп, 2 дозадан кейін тұрақты физикалық және психикалық тәуелділікті тудырады. Психотроптық заттарды қолданған кезде адамның ойлау қабілеті төмендеп, дұрыс шешім қабылдай алмайды», - дейді М.Несіпбек.

Павлодар облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен айыпталушылар 9 жылдан 18 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылды.

Олардан «Лексус RX 300» және «Ауди В5» маркалы 2 автокөлік, қылмыстық жолмен табылған ақша тәркіленді. Сот үкімі заңды күшіне енді.



Соңғы жаңалықтар