Семей орманын қалпына келтіруге 30-40 жыл уақыт керек – сарапшы

None
Фото: ҚР ТЖМ баспасөз қызметі
АСТАНА. ҚазАқпарат – Еліміздегі орман шаруашылығының жай-күйі қандай? Семей резерватындағы өрт адами шығынды айтпағанда, табиғатқа, экологияға қандай залал келтіреді? Орманды қалпына келтіруге қанша уақыт керек? Осы және өзге де сұрақтарға «Baitaq» жасылдар партиясының қызметкері, табиғат жанашыры Ғани Назарбек Jibek Joly телеарнасына берген арнайы сұхбатында жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жалпы еліміздегі орман шаруашылығының хәлі нашар деп айтуға болады. Өйткені, бірінші кезекте орманшылардың әл-ауқаты бұл жалақы мәселесі, одан кейін техникалық материалдық жағдайлары, ол орман өртін өшіру барысында көрініп тұр. Ауқымды орман өртімен күресуге мүлде дайын емеспіз. Тек қана орманшылар емес бұл төтенше жағдайлар қызметкерлеріне де қатысты. Жақын арада кәсіби орманшылардан айрыламыз деп ойлаймын. Өйткені біздің қазіргі орман шаруашылығында жасап жатқан саясатымыз алдағы уақытта жас мамандардың бұл салаға мүлде келмеуіне алып келеді. Қазірдің өзінде осы орман шаруашылығын бітірген азаматтар, түрлі басқа салаларға кетіп жатыр», - деді Ғани Назарбаев эфир барысында.

Оның айтуынша, мәселе әлеуметтік қолдау көрсету шараларымен байланысты. Яғни орман қызметкерлері әлеуметтік тұрғыдан қорғалмаған.

«1 шілдеден бастап жалақыны өсіреміз деген. Қазір орман өрт сөндірушілердің айлығы 60 мың теңге, олар арнайы киіммен де қамтамасыз етілмейді. Ал өрттің эпицентрінде температура мың градусқа жуықтайды. Осындай жағдайларда арнайы киімсіз орман өртін өшіруге болады? Ол маусымдық орман өрт сөндірушілер белгілі бір уақытқа ғана алынады, бір ай немесе жарты жылға. Келесі жылы олардың тіпті жартысы да бұл салаға жұмысқа келмейді. Олар дайындықтан өтпейді. Арнайы киіммен, құрал жабдықпен жабдықталмаған. Келесі жылы бұдан да қатты өрттер болуы мүмкін. Өйткені қазір ғаламдық жылу температураның көрсеткіші жылдан жылға өсіп жатыр. Құрғақшылық бізді жыл сайын қыса береді. Ал біз осы құрғақшылыққа осы ғаламдық жылынуға дайын емеспіз. Оған бейімделе алмай жатырмыз», - дейді спикер.

Сондай-ақ, табиғат жанашыры Семейдегі орман өртінің салдарын жоюға қатысты пікірімен бөлісті.

«Жұмыс дұрыс жолға қойылғанның өзінде орманды қалпына келтіруге 30-40 жыл уақыт керек. Бірақ ормандағы экологиялық жағдайды қалпына келтіру өте қиынға соғады. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2 млрд түп ағаш отырғызуымыз керек. Бірақ қазіргі таңда өсіп тұрған орманымызды сақтап қалу мәселесі одан да маңызды болып тұр. Ол үшін біз ормандардың арнасын біз мынау Семей орманында үлкен ормандардың арасын бөлу жұмыстарын жүргізу секілді. Бір жерде от тұтанса 5-6 мың гектар жер жанып, келесі бір учаскеге өтпейтіндей араларын ашу керек сияқты. Өйткені қарасаңыз бір жерде өрт болса ол тоқтамайды. Бүкіл орманды қазір шарпып бара жатыр. Ол жерде тек орман ағаштар ғана емес, ол жерде мыңдаған құстар. Қазір құстардың жұмыртқалау яғни балапандау кезеңі. Одан кейін омыртқасыздар бар. Олардың бәрі қазір қырылып қалды. Жалпы экожүйе қазір өте үлкен шығынға ұшырап отыр. Оны есептеу өте қиын», - дейді ол.


Соңғы жаңалықтар